Шымкент қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте жаңа «Жас сақшы» кадет сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа сыныпқа қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Нұржан Алтынбековтің есімі берілді.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов қатысып, жас кадеттерді құттықтады.
— «Жас сақшы» сыныптарының ашылуы – өскелең ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке әрі ең жақсы адами қасиеттерге баулудың маңызды қадамы. Жасөспірімдерге отансүйгіштік пен заңға құрмет сезімін ерте жастан бойына сіңіру қажет. Бүгінгі кадеттер ертең елдің заңын қорғап, халық сенімін ақтайтын абыройлы азамат боларына сенемін», – деді ол.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте үш «Жас сақшы» сыныбы ашылған болатын. Онда оқушылар полиция қызметінің қыр-сырымен танысып, әскери дайындық пен құқық негіздерін меңгеруде.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен бұл игі шара жасөспірімдерді білімге, тәртіпке және Отанға адал қызмет етуге ынталандыра түсті. Полиция өкілдері кадеттерді оқу жылының басталуымен құттықтап, табандылықпен білім алуға шақырды.
Осындай бастамалар ішкі істер органдарының жас буынды тәрбиелеудегі, олардың бойына елжандылық, батылдық және заңға адалдық қасиеттерін сіңірудегі маңызды рөлін айқын көрсетеді.