Шымкент қаласында республикалық «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы басталды. Шараны Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе ұйымдастыруда. Акция 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өтеді.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға қоғам назарын аудару және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Шара аясында мамандар отбасы мүшелеріне психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек көрсетіп, сенім телефондары мен дағдарыс орталықтары туралы ақпарат таратпақ.
Отбасылық құндылықтарды сақтауға, әйелдердің құқықтарын қорғауға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған бұл акция Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.
Полиция қызметкерлері қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік мәселелеріне де бей-жай қарамайтынын дәлелдеп келеді. Осындай игі шаралар арқылы тәртіп сақшылары қоғам сенімін нығайтып, отбасы амандығын қорғаудағы маңызды рөлін айшықтап отыр.