Биыл Қазақстан Республикасы үшін айрықша тарихи белес — Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. 1995 жылғы 30 тамызда дүниеге келген қазақстандықтар үшін бұл мерейтойдың мәні ерекше: олар Конституция құрдастары ғана емес, мемлекеттің берік негізі болып саналатын заңды құрметтеп, оны қорғап, Отанға адал қызмет етуді өмірлік мұрат еткен буын өкілдері.
Солардың бірі – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жоспарлау және жедел басқару орталығының диспетчері, азаматтық қорғау аға сержанты Таирова Надира Улугбекқызы. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету ісінде қажырлы еңбек етіп келеді.
Ал Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Есенбек Ерболат та биыл тамыз айында 30 жасқа толды. Жас құтқарушының таңдаған жолы – қауіпке қарамай, өзгелердің өмірін қорғауға ұмтылу.
Надира мен Ерболат — Конституция құрдастарының айқын символдары. Олардың өмірлік жолы – адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің және халыққа қызмет етудің үлгісі. Олар мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізін құрайтын жас буынның айнасы.
Бұл мерейтой бізге Ата заңымыздың ел дамуының берік тірегі екенін еске салып қана қоймай, оны құрметтеп, халық игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген жас қазақстандықтарға деген мақтаныш сезімін арттыра түседі.