Бейбітшілік пен тұрақтылықтың, құқық пен еркіндіктің кепілі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл толды. Осы айтулы мереке аясында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде салтанатты жиын өтті.
Іс-шара барысында ел игілігі жолында табанды еңбек етіп, қызметтік міндеттерін адал атқарған азаматтық қорғау саласының қызметкерлері марапатталды. Олар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне, сондай-ақ алғыс хаттар мен грамоталарға ие болды.
Сонымен қатар, бірқатар мамандардың еңбегі жергілікті билік тарапынан да лайықты бағаланды. Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған қызметкерлер өз саласының үздігі екенін дәлелдеді.
Жиында ерекше атап өтілгендердің қатарында Сыр өңірінде орын алған су тапшылығы жағдайының алдын алу жұмыстарына белсене қатысқан құтқарушылар да болды. Олар кәсіби шеберліктің, жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткені үшін Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл мерекелік шара тек Конституция күнін ұлықтап қана қоймай, азаматтық қорғау жүйесінде еңбек етіп жүрген жанқияр мамандардың еңбегін бағалаудың, олардың мемлекет тұрақтылығы мен халық қауіпсіздігі жолындағы қызметінің айрықша маңызын көрсетудің бір көрінісіне айналды.