Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай Шымкент қаласында еліміздің құтқарушыларына арналған ерекше арт-нысан – үлкен мурал пайда болды.
«Ар-намыс пен борыш – Отан қызметінде!» деп аталатын көркем композиция көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне салынған. Шығарманың аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Онда төтенше жағдайлар қызметінің ерлік пен жанқиярлықты ту еткен мамандарының қаһарман бейнесі бейнеленіп, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі көркем түрде айшықталған.
Жоба Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Бұл туынды тек қаланың сәулеттік келбетін жаңа бояумен толықтырып қана қоймай, қоғамдағы ең маңызды мамандық иелеріне – өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға деген құрметті арттыра түсті.
Мурал төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық тарихын ұлықтап, олардың тәуліктің кез келген уақытында, кез келген жағдайда азаматтардың өмірін құтқаруға дайын тұратын жанқиярлық еңбегіне алғыс білдіреді. Сонымен қатар, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісіне айналмақ.
Құтқарушылардың кәсіби шеберлігі мен табандылығы – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Шымкент төрінде бой көтерген жаңа мурал осы құндылықтарды ұрпақ жадында жаңғыртып, төтенше жағдайлар қызметінің мәртебесін асқақтатады.