Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – әрбір ата-ананың ең басты міндеті. Осы мақсатта Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) тұрғындар арасында жүйелі түрде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат – балалардың көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарынан құлау фактілерінің алдын алу.
Жақында осындай кезекті профилактикалық іс-шаралар Абай ауданындағы көпқабатты үйлерде өтті. ТЖД мамандары пәтерлерді аралап, ата-аналарға қарапайым, бірақ аса маңызды қауіпсіздік ережелерін түсіндірді:
- терезе маңында балаларды қараусыз қалдырудың қаншалықты қауіпті екені;
- алдын алу шаралары және балалармен қауіпсіздік туралы алдын ала әңгімелесудің маңызы;
- терезеге бекіткіш орнату тәртібі.
Тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды. Көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударылып, қауіпсіздік шаралары тәжірибе жүзінде көрсетілді. Бірқатар пәтерлерде жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен терезелерге арнайы бекіткіш құрылғылар орнатылды.
Іс-шара барысында ТЖД қызметкерлері балалардың өмірін сақтау үшін қарапайым ережелерді ұстанудың қаншалықты маңызды екенін нақты мысалдармен түсіндірді. Құтқарушылардың жұмысына «Оңтүстік» телеарнасының «112» бағдарламасы ақпараттық қолдау көрсетіп, тікелей эфирде көрермендерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
2025 жылдың басынан бері ТЖД мамандары қала бойынша 159 көпқабатты үйді аралап, 2670 тұрғынмен профилактикалық жұмыстар жүргізді. 1200-ден астам жадынама таратылып, 111 терезеге арнайы қауіпсіздік бекіткіштері орнатылды. Бұл – балалардың өмірін сақтауға бағытталған нақты әрі нәтижелі шаралардың айқын көрінісі.
Шымкент қаласы ТЖД ескертеді:
- Терезелерге арнайы бекіткіш орнатыңыз. Терезе торлары қорғаныш құралы бола алмайды.
- Балаларды үйде жалғыз немесе қараусыз қалдырмаңыз.
- Терезе маңына орындық, үстел сияқты жиһаз қоймаңыз.
- Балалармен терезе мен балкон маңындағы қауіптер туралы алдын ала сөйлесіңіз.
Балалардың өмірі – баға жетпес құндылық. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтап, ұқыптылық таныту – әр ата-ананың міндеті ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігі. Құтқарушылардың айтуынша, бала қауіпсіздігі – барлығымызға ортақ іс.