Шымкент қаласында 20 миллион теңгенің бағалы алтын бұйымдарын жымқырған пәтер ұрылары ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында пәтер тонаумен айналысқан бес ер адам анықталып, құрықталды. Тергеу барысында олардың бір ай ішінде қала аумағындағы онға жуық тұрғын үйге заңсыз кіріп, негізінен алтын бұйымдарды ұрлағаны белгілі болды. Күдіктілер көбіне үйлерге терезе арқылы кіріп отырған.
Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 20 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ұрланған зергерлік бұйымдардың бір бөлігін иесіне қайтарып берді.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстың толық мән-жайын және олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда.
Полиция тұрғындарға пәтер ұрлығының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, бейнебақылау жүйелерін орнатуға, есік-терезелерді мұқият жауып жүруге кеңес береді.