Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдердің тәрбиесі мен қауіпсіздігі – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Көп жағдайда, ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсіреуі, түнгі уақытта кәмелетке толмаған балалардың көшеде, ойын-сауық мекемелерінде жүруі түрлі құқық бұзушылыққа, қылмысқа немесе қайғылы жағдайларға себеп болып жатады. Осыған байланысты еліміздің барлық өңірлерінде Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен дәстүрлі түрде өткізілетін «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асырылып келеді. Аталған шара — тек рейд ұйымдастыру емес, бұл — құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға бағытталған жан-жақты жұмыс. Іс-шараның басты мақсаты — түнгі уақытта балалардың қараусыз жүруін шектеу арқылы құқық бұзушылықтың, түрлі заңсыз әрекеттердің алдын алу. Қазіргі қоғамда жастар арасындағы қылмыстың, тәртіп бұзушылықтың бір бөлігі дәл осындай бақылаусыздықтың салдарынан туындайды. Сондықтан бұл шара балалардың өмірін, денсаулығын, болашағын қорғауға бағытталған. Полиция қызметкерлері түнгі сағаттарда арнайы топ болып, қала көшелерін, ойын-сауық нысандарын, интернет клубтар мен дәмханаларды аралап, жасөспірімдердің тәртібін бақылауға алады. Кәмелетке толмаған балалар анықталған жағдайда олардың ата-анасына ескерту жасалып, заңнама талаптары түсіндіріледі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынады. Алайда заң бұзылған орын мен мән-жайға байланысты қолданылатын шара да әртүрлі болады. Егер жасөспірім ойын-сауық мекемесінде, яғни ойынханада немесе интернет клубта анықталса, ата-анасына бірден 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – бала алғаш рет ұсталған күннің өзінде де қолданылатын шара. Себебі, ойын-сауық орындары – кәмелетке толмағандарға арналмаған мекемелер қатарына жатады. Ал егер бала түнгі уақытта көшеде жүргені анықталса, заң бойынша бірінші рет ескерту беріледі. Бірақ егер бұл жағдай қайталанса – ата-анасына айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ойын-сауық мекемесіне кәмелетке толмағанды кіргізген кәсіпкерге де 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл талаптар тек ата-аналарға ғана емес, кәсіп иелеріне де жауапкершілік жүктейді. Мұндай шаралардың маңыздылығын тек жазалау шаралары тұрғысынан қарау қателік болар еді. Ең алдымен, бұл – алдын алу жұмысы. Полиция өкілдері мен жергілікті әкімдіктердің мамандары рейд барысында ата-аналармен, балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Балаларға заң талаптары мен өз қауіпсіздіктері жайлы ақпарат беріледі. Жасөспірімдердің бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы, түнгі уақытта бақылаусыз қалуы – олардың құқық бұзушылық жасауына немесе түрлі келеңсіз жағдайларға тап болуына әкеледі. Сондықтан бұл рейдтер — болашақта орын алуы мүмкін қылмыстың, қайғылы оқиғаның алдын алудың бір жолы.
Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас қоғам жауапты. Бұл жерде ата-ананың рөлі айрықша. Әрбір ата-ана өз баласының қайда, кіммен жүргенін, не істеп жүргенін білуге міндетті. Бақылаусыз қалған бала – әлеуметтен тыс, дұрыс бағдарсыз өсетін тұлғаға айналуы мүмкін. Мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдары мен жастар ұйымдары да жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етуі тиіс. Секциялық үйірмелер, спорт, өнер және мәдени шаралар арқылы балалардың бос уақыты пайдалы әрі қауіпсіз арнаға бұрылады. Кейбір ата-аналар бұл шараларды артық көруі мүмкін. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мұндай рейдтер көптеген заң бұзушылықтың алдын алуға сеп болған. Жыл сайын он мыңдаған бала мен ата-анаға ескерту жасалады, ондаған мекеме айыппұл төлейді. Бұл көрсеткіштің өзі істің өзектілігін дәлелдеп отыр. Елімізде құқық бұзушылықтың алдын алу тек жазалау арқылы емес, тәрбие және түсіндіру жұмыстары арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Осы тұрғыда «Түнгі қаладағы балалар» шарасы – нәтижесі бар, өмірге нақты ықпал ететін жоба. Бала – ел болашағы. Олардың қауіпсіз ортада өсуі, дұрыс қалыптасуы, жауапкершілікті сезінуі ата-ана мен қоғамның бірлескен еңбегіне байланысты. «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы тек рейд емес, бұл болашағымызды қорғауға бағытталған маңызды қадам. Уақытысында айтылған бір ауыз ескерту – болашақта орын алуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алуы мүмкін. Балаларыңыздың қайда, кіммен жүргенін бақылаңыздар. Олардың түнгі уақытта үйде болуын қамтамасыз етіңіздер. Өйткені бір ғана жауапсыз сәт орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Балаларыңызға қамқор болыңыздар! Олар сіздің де, елдің де ертеңі!