Шымкент қаласында құқық қорғау органдарының бастамасымен терроризмнің алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шараға Шымкент қалалық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мұрындық болды. Оған Ақпараттық байланыс басқармасы, Күзет қызметін бақылау бөлімі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және қала әкімінің аппараты жанындағы терроризмге қарсы күрес жөніндегі комиссияның өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына жататын қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларымен арнайы жиын өткізілді. Жиын барысында медициналық мекемелердің қауіпсіздігін арттыру, оларды заманауи инженерлік-техникалық құралдармен жабдықтау, төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмін нақтылау мәселелері қаралды.
Полицейлер тарапынан мекеме басшыларына бейнебақылау жүйелерін Шымкент қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен интеграциялау қажеттілігі туралы толық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл – төтенше жағдайлар кезінде оқиға орнына дереу ден қою және қылмыстың алдын алу үшін аса маңызды шара.
Аталған іс-шара полиция қызметкерлерінің ел тыныштығын сақтаудағы кәсіби және әлеуметтік рөлін айқын көрсетеді. Бүгінгі таңда құқық қорғау саласының қызметкерлері тек тәртіп сақшысы ғана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұра алатын білікті мамандар ретінде танылып отыр. Олардың біліктілігі, жанкешті еңбегі мен жауапкершілігі қоғам тарапынан жоғары бағалануы тиіс.
Мемлекет тарапынан полицейлердің мәртебесін арттыруға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде полиция қатарындағы тәртіп пен жауапкершілікті арттырып қана қоймай, халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға да жол ашады.
Қоғам қауіпсіздігін сақтау – тек полицейлердің емес, барша азаматтардың ортақ міндеті. Дегенмен бұл бағытта алдыңғы шепте тұрған тәртіп сақшыларының үлесі мен еңбегі өлшеусіз. Осындай іс-шаралар полицейлердің қызметіне деген құрметті арттырып, олардың мәртебесін айшықтай түсетіні сөзсіз.