Шымкент гарнизонында ел қорғанысын күшейту жолында маңызды әрі әсерлі сәттердің бірі – әскери ант қабылдау рәсімі өтті. 10216 әскери бөлімінің саптық алаңында көктемгі шақырылым бойынша әскер қатарына алынған 35 жас сарбаз Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант берді.
Бұл – әрбір жауынгердің жүрегінде мәңгі сақталатын ерекше сәт. Сарбаздар Мемлекеттік Ту мен Жауынгерлік Тудың алдында, әскери дәстүрге сай сап түзеп, қолдарына қару ұстап, Отанға адал болуға салтанатты түрде уәде етті. Жауынгерлік борыштың бастауы болған бұл күнге командирлер мен әскери қызметкерлер ғана емес, сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен достары да арнайы келіп, зор қуаныш пен мақтаныш сезімін бөлісті.
Салтанатты жиынды әскери бөлім командирі, подполковник Дәулетбек Қоғабаев ашып, жас жауынгерлерге арнаған құттықтау сөзінде:
– Әскери ант – жай ғана сөз емес, бұл – жүрекпен айтылатын серт. Бұл күн – сендердің нағыз жауынгерлік жолдарыңның бастамасы. Енді сендер тек өздерің үшін емес, бүкіл ел үшін, туған жер үшін жауаптысыңдар, – деп ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев та жас сарбаздарға ізгі тілегін жеткізіп, олардың бойында ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің, ата-баба аманатына деген адалдықтың болуы керектігін айтты.
Әскери ант қабылдату туралы бұйрықты бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы жария етіп, рәсім жоғары әскери тәртіппен, жинақылықпен өтті. Бір айлық бастапқы дайындық кезеңінен өткен жас сарбаздар бұл рәсімге сақадай сай күйде келіп, жауынгерлік дайындықтарын көрсетті. Іс-шара Жауынгерлік Ту ұстаушылар бастап шыққан саптық шерумен түйінделді.
Сарбаздар арасында ерекше қуанышпен ант қабылдаған қатардағы жауынгер Нұрасыл Айдар өз әсерімен бөлісті:
– Бұл күн – мен үшін үлкен мәртебе. Біз бір ай ішінде әскери өмірдің негіздерін меңгердік, жаңа ұжыммен ынтымақтаса білдік. Полигондағы жаттығулар мен әскери машық бізді мықты етті. Енді кәсіби дайындық кезеңі басталады. Әскерге баруға қорқудың еш қажеті жоқ, мұнда бәрі жақсы – ас та, қарым-қатынас та, — деп шынайы көңілін жеткізді.
Жас сарбаздарды енді нағыз әскери өмір – дала жаттығулары, атыс машығы, жауынгерлік тапсырмалар күтіп тұр. Бұл – олардың тек дене және рухани тұрғыда ғана емес, патриоттық сана тұрғысынан да кемелдену кезеңі.
Әскери ант – тек міндет емес, бұл — Отан алдындағы қасиетті аманат.
Жас сарбаздар енді ел тыныштығын күзететін жауынгерлер сапында. Антқа адалдық – Отанға адалдықпен өлшенеді.