2025 жылғы 16–19 шілде күндері Қостанай облысының Тобыл қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаттары өтуде. Бұл жарыстар — құтқару саласындағы шеберлік пен шыдамдылықтың шынайы сынға түсетін алаңы. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген үздік спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің спортшылары жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, жасөспірім ұлдар арасындағы XIV жазғы чемпионат аясында 100 метрлік кедергілер жолағында орта топ бойынша Шевцов Кирилл өз шеберлігін көрсетіп, І орынды жеңіп алды.
Ерлер арасындағы XXXI жазғы чемпионаттың осы санатында Мауланов Сарвар жылдамдығы мен кәсібилігін дәлелдеп, 100 метрлік кедергілермен жүгіруде І орынды иеленді.
Ал әйелдер арасындағы XI жазғы чемпионатта шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 2-қабатына көтерілу кезеңінде Салмина Валентина ІІ орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді.
Бұл жетістіктер – спортшылардың қажырлы еңбегі мен тұрақты жаттығуларының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар құтқарушылық кәсіптің ел қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін айқын мысал. Жарысқа қатысушылар өз дене дайындығын ғана емес, рухани беріктігін де дәлелдеді.
Шымкенттік спортшыларды осы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер — еліміздің қауіпсіз болашағының тірегісіздер. Жеңістеріңіз еселене берсін!