Үшінші мегаполисте дін саласындағы саясатты іске асыру және діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында маңызды іс-шара өтті. «Дін саласындағы өзекті мәселелер мен оның шешу жолдары бойынша өңіраралық тәжірибе алмасу» атты республикалық семинар-конференцияның басты мақсаты – аймақтарда жинақталған тиімді тәжірибемен өзара бөлісу, дін саласындағы күрделі мәселелерді бірлесе талқылау және жат діни ағымдар таралуының алдын алуда өңіраралық өзара іс-қимылды күшейту болды.
Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен дін істері басқармаларының басшылары мен дін мәселелері жөніндегі орталықтардың директорлары арнайы қатысып, саланың көкейтесті түйткілдері мен оларды шешу жолдарын ортаға салды.
Конференция барысында қатысушылар «Әкімшілік құқық бұзушылықтар аясында діни қызметті реттеу: өзекті мәселелер мен шешу жолдары», «Интернет кеңістігінде діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету: жаңа сын-қатерлер және шешімдер»,«Интернеттегі діни құқық бұзушылықтар: мониторинг және әрекет ету жолдарын талқылады.
Айта кетейік, бүгінде интернет кеңістігіндегі діни ақпараттар қатаң бақылауға алынған. Осы орайда мамандар интернет арқылы таралатын діни мазмұнның заң аясында сараланып, рұқсат етілмеген материалдарды таратқандарға қатысты 25-100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салынатынын еске салды.
Семинар аясында Діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған өңірлік тетіктерді, жат діни идеологиялардың таралуына қарсы жүйелі іс-шараларды,
Мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды тиімді үйлестіру жолдарын, Ақпараттық және әдістемелік тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар әр өңірден келген делегаттар өз аумақтарында іске асырылған нәтижелі жобалар мен озық бастамалар туралы баяндап, өзара тиімді әдістермен бөлісті. Семинар соңында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни радикализмнің алдын алу және қоғамда рухани келісімді нығайту мақсатында бірқатар ұсынымдар қабылданып, олардың өңірлік деңгейде жүзеге асырылу жолдары пысықталды.
Бұл басқосу – ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген дін саласы мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік берумен қатар, ұлттық бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолындағы жұмыстарға тың серпін беретін маңызды қадам болды.