Шымкент қаласында шомылу маусымы басталысымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Темірбек Әли Шатырбекұлы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Су – тек сергітер орын емес, сақтықты талап ететін стихия. Шомылу маусымында тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау – Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі міндеттерінің бірі. Шымкенттің аптап ыстығы мен суға шомылушылар санының артуы қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етеді. Осыған орай, 2025 жылғы шомылу маусымына дайындық сәуір айынан басталып кеткен. Бұл шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Алдын алу – басты мақсат. Республика бойынша биылдың өзінде 40-қа жуық адам суға батып, оның ішінде балалар да бар. Ал Шымкентте, қуанарлығы, қазіргі күнге дейін мұндай қайғылы оқиғалар тіркелмеген. Дегенмен, өткен 2024 жылы екі адамның суға кету фактісі тіркеліп, соның бірі балаға қатысты болған.
Жауапты құрылымдар жұмылдырылды. Қалалық әкімдіктің арнайы қаулысымен бекітілген іс-шаралар жоспары аясында жауапты органдарға нақты міндеттер жүктелді. Шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында волонтерлерді тарту мәселесі де қарастырылған.
Сәуір айынан бастап қала аумағында 158 рет рейд жүргізіліп, демалыс және мереке күндері бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасып келеді. Ереже бұзғандарға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 4 адамға жалпы сомасы 55 048 теңге айыппұл салынды.
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Халықты құлақтандыру үшін бейнероликтер бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, кинотеатрларда, қоғамдық көлік ішіндегі экрандар мен вокзал, әуежай, сауда үйлеріндегі LED-экрандарда көрсетілуде. Сонымен қатар, 112 қызметі арқылы тұрғындарға күнделікті ескерту хабарламалары жіберілуде.
Жыл басынан бері 6 брифинг өтіп, телеарналар арқылы 24 рет түсініктеме беріліп, 26 мақала жарияланды. Әлеуметтік желілерде 220 материал орналастырылып, халыққа 15 180 жадынама мен буклет таратылған.
Қауіпті аймақтар тізімі кеңейді. Қала аумағындағы шомылуға тыйым салынған орындардың саны артты. Егер бұған дейін бұл тізімде 13 нысан болса, бүгінде олардың саны 30-ға жетті. Қазіргі уақытта бұл шешім жобасы Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланып, қалалық мәслихаттың қарауында жатыр.
Шомылу маусымы ресми түрде қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен жауапты органдар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды үздіксіз атқаратын болады.