ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының мүшесі Олжас Құспеков Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысты. Іссапар барысында депутат саладағы түйткілді мәселелерге назар аударып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Сапар аясында халық қалаулысы өрт қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, осы саладағы материалдық-техникалық базаны жаңғырту қажеттілігін ерекше атап өтті. Ол өңір халқының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын, ал Шымкенттің аптапты климаты өрт қаупін күшейтетін факторлардың бірі екенін тілге тиек етіп, өрт сөндіру қызметінің техникалық мүмкіндіктері мен жеке құрамның киім-кешекпен қамтамасыз етілуі – басты назарда болуы тиіс екенін жеткізді.
«Шымкент сынды ірі мегаполисте өртке қарсы қызметтің әлеуетін арттыру — қала қауіпсіздігінің кепілі. Бұл тек төтенше жағдайлар саласы ғана емес, жалпы қоғамдық қауіпсіздік мәселесі», — деді Олжас Құспеков.
Қазіргі таңда қалада 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Алайда қолданыстағы нормативке сәйкес бұл көрсеткіш кем дегенде 22 бөлімге жетуі тиіс. Осыған орай, биыл жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 5 жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталмақ.
Депутат, сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде қала тұрғындарымен және жол саласының өкілдерімен жеке қабылдаулар өткізуге ниетті екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдің әр өңіріндегі қауіпсіздікке қатысты мәселелерді тек орталықтан емес, жергілікті деңгейде тыңдау – сапалы шешім қабылдаудың алғышарты.