Қосымша білім беретін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жаңа талаптар енгізілді. Енді үйірмелерге қатысатын балалар саны шектеледі, сондай-ақ бұдан былай ерекше балаларды оқытуға басымдық беріледі. Бұл мәселелер Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің, қоғамдық кеңес мүшелері мен тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында талқыланды. Жиын барысында жаңадан енгізілген бірыңғай ваучерлік жүйенің таныстырылымы да өтті. Басқосуда балаларға арналған спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша ваучерлік жүйенің пилоттық жобасы іске қосылғаны мәлім болды. Енді ата-аналар жаңа жүйе арқылы балаларын қалаған үйірмеге тегін немесе жеңілдікпен жібере алады. Бұл – мемлекеттік қаржыландырудың нақты балаға бағытталуын қамтамасыз ететін әділ әрі тиімді тетік. Сонымен қатар, жиында қала әкімдігі қосымша білім беру саласына да тоқталды.
Екі жарым сағатқа созылған жиын барысында кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері арасында қызу пікірталас болды. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қойылған кейбір талаптармен келіспейтінін білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Жалпы, жыл сайын Шымкент қаласында қосымша білім беруге 10 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Бүгінде қалада 344 өнім жеткізуші тіркелген. Олардың барлығы жаңа жүйеге кезең-кезеңімен бейімделмек.