Жаз мезгілінде шомылу маусымының қызуына байланысты су айдындарында қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр. Осыған орай, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы аудандық полиция басқармасымен бірлесіп, Маятас су қоймасында «Шомылудағы қауіпсіздік» тақырыбында кең ауқымды түсіндіру іс-шарасын өткізді.
Бұл рейдтік іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру, жазатайым оқиғалардың алдын алу және су қоймаларындағы тәртіп ережелерін сақтау бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Шара барысында демалып жатқан азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, мамандар тарапынан нақты кеңестер мен нұсқаулықтар берілді. Атап айтқанда:
- рұқсат етілмеген, шомылуға бейімделмеген су айдындарында суға түспеу;
- балаларды үлкендердің қарауынсыз суға жібермеу;
- жүзу құралдарын дұрыс пайдалану;
- мас күйінде суға түсуге жол бермеу;
- қатты ағысты жерлерде және белгіленбеген аумақтарда шомылмау сынды ескертулер айтылды.
Сондай-ақ құтқарушылар судағы төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі жайлы практикалық нұсқаулықтармен бөлісті. Жағдайға қарай алғашқы көмек көрсету жолдары да түсіндірілді.
– Қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Қайғылы жағдайлардың көбі ережелерді елемеуден туындайды. Сондықтан әркім суға түсу алдында қауіпсіздік талаптарын ескеруге міндетті, – деді іс-шара барысында Еңбекші аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары.
Айта кетейік, мұндай түсіндіру шаралары алдағы уақытта да қала аумағындағы барлық су айдындарында жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері халықты сақтық шараларына бейжай қарамауға шақырып, судағы демалысты тек арнайы белгіленген орындарда өткізуге кеңес береді.
⚠️ Естеріңізде болсын: қауіпсіздік – өз қолыңызда!