2024 жылдың 13-15 қараша күндері Қазақстан Республикасының халық әртісі Майра Мұхамедқызы бастаған шығармашылық топ Норвегияның Осло және Берген қалаларында Қазақстанның ұлттық мәдениетін таныту мақсатында арнайы мәдени шара ұйымдастырды.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның Норвегия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділ Қапанұлы Тұрсынов сөз сөйлеп, қазақстандық өнерпаздарды таныстырып, шараның маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде қазақ мәдениеті мен өнерінің халықаралық аренада танылуының маңызды екенін айтты. Мерекелік кешке Норвегияның мемлекеттік министрлері, мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері және қазақ диаспорасының мүшелері қатысып, қазақ мәдениетінің байлығын бағалады.
Кеш аясында қазақстандық өнерпаздар қазақтың халық әндері мен күйлерінен тұратын концерттік бағдарлама ұсынды. Шетелдік қонақтар ұлттық өнерге тәнті болып, қазақтың музыкасы мен мәдениетіне деген қызығушылықтарын білдірді. Сондай-ақ, шымкенттік гастрономиядан дәм татып, Қазақстанның ұлттық тағамдарын тамашалады.
Іс-шара барысында делегация жетекшісі Мөлдір Оңдасынова Норвегиядағы Қазақстанның Елшісі Әділ Тұрсыновпен ресми қабылдау өткізді. Кездесу барысында Шымкент пен Берген қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату мәселесі талқыланып, алдағы уақытта бірлескен мәдени және экономикалық жобалар жүзеге асыру жоспарлары жасалды.
Берген – Норвегияның ірі мәдени және іскерлік орталығы болып табылады. Бұл серіктестік екі қала арасында мәдени-экономикалық байланысты нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да мүмкіндік береді.
Шымкенттік өнерпаздардың осындай халықаралық деңгейдегі шараларға қатысуы қазақ мәдениетінің шетелде кеңінен танылуына ықпал етіп, ұлттық рух пен бірлікті әлемге паш етудің жарқын үлгісі болып табылады.