Шымкентте киізден жасалған киімдер фестивалі өтті. Қалада ұлттық бояуы бар заман талабына сай костюмдер кең көлемде насихатталып жатыр. Оған «Shymkent pop up store» дизайнерлер көрмесі ұйытқы болып отыр. Жоба жетекшілері арнайы конференция өткізіп, жоспарларын жеткізді.
Көрмеге жергілікті 12 дизайнер қатысып, үздік топтамасын жұрт назарына ұсынды. Олар ұлттық камзолды бүгінгі талғампаз тұтынушыға ыңғайлап, заманауи үлгіде таныстырды. Күнделікті тұрмыста және жұмысқа киюге арналған үлгілердің кең таңдауы болды. Сондай-ақ балалар киімі де бар. Камзол, бөрік, шапан мен кимешек түрлері асыл тастармен безендірілген. Оюды да орынмен қолданылу қатаң ескерілді, дейді ұйымдастырушылар.
— Әдемілік үшін ғана емес, жүннің емдік те қасиеті бар. Бүкіл әлемдік тенденция бойынша киіз бұйымдар, яғни табиғи жүннен жасалған бұйымдар қайтадан сұранысқа ие боп жатыр. Осындай көрмелер, фестиваль-форумдар арқылы халыққа таныстырғымыз келеді соны — деді қолөнер шебері Сәуле Тапанова
Ал дизайнерлер ұлттық киімге сұраныс артқанын айтады. Көрмеде ұйымдастырушылар, қазақтың байырғы тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін құрақ көрпе, ер-тұрман әбзелдері, оюмен көмкерілген бүрмелі көйлек пен шапанның түр-түрін халық назарына ұсынды.
— Ұлттық нақыштағы ою-өрнектер қолданылып жатыр. Олардың түстері де ашық, көктемге, Наурызға арналып жасалып жатқан пано. Барлығы да жақсы, дегенмен, өзім киім дизайнері болғандықтан, жібек матаға киізді үстіне басу техникасы арқылы дайындалған шапан қатты ұнады өзіме — деді қала тұрғыны Әсем Бекайда
Shymkent POP UP STORE «Shymkent plaz» сауда орталығында 3 күнге созылды. Фестиваль барысында эксклюзивті дизайнерлер топтамаларын сататын көрме ұйымдастырылды. Демеушілер мен жоба серіктестерінің түрлі шеберлік сабақтары, ашық әңгімелері, сән көрсетілімдері, ұтыс ойындары өткізілді. Айта кету керек жыл сайын өтетін жиын сәнді және стильді адамдардың, шығармашылық тұлғалардың, қызығушылығы ортақ жандардың мерекесіне айналған.