Алты мемлекеттен келген 280 спортшы үшінші мегаполисте бас қосты. Жеңіл атлетика спорт кешенінде Ресей Федерациясы, Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикасы мен еліміздің түкпір түкпірінен келген кіл мықтылар грек-рим күресіненде бақ сынады. ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, КСРО-ның спорт шебері академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған 30-шы мерейтойлық халықаралық турнир жалауын көтерді. Жалпы елімізде грек-рим күресі XX ғасырдың екінші жартысынан бастап жаппай дами бастады. Айта кетейік, Мардан Сапарбаев турнирінен олимпиада чемпиондары шыққан. Мардан Баймырзаұлы еліміздің өркендеуіне, спорттың дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Қаншама спорт саңлақтары мен шәкірттер даярлап, өшпес із қалдырды. Қазіргі таңда шаһарда грек — рим күресі қарқынды дамып келеді. Сонымен қоса, іс-шарада Шымкент қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа құрмет көрсетіп, шапан жауды. Ірі жарыстардың іріктеуі болатын бастаушы деңгей әр спортшы үшін маңызы зор. Бұл жастар арасында грек-рим күресіне деген қызығушылықты арттырып, дәл осы спорт түрінің елімізде дамуына жол ашып, бәсекелестікті арттыру арқылы жеңісті күндердің көбеюіне сеп болады.
Жиынға келген қонақтар Шымкент қаласының күрес федерациясының басшысы Марат Сапарбаевтың атқарып жатқан жұмыстарын айтып, алғыстарын білдірді.
Әр елдің мықты деген балуандары белдесетін сайыстың жеңімпаздары алда болатын әлем чемпионатында бақ сынасады.