Шымкент қаласының ұстаздары үшін биылғы оқу жылында біртұтас тәрбие бағдарламасын оқу процесіне енгізе отырып, білім сапасын барынша жақсарту басты міндет болып отыр. Осы мақсатта педагогтардың біліктілігін арттырумен бірге қалада дарынды балаларға арналған мектептер желісі ұлғаяды.
Шымкентте әр оқу жылында 6 мыңнан астам оқушы ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысады. Сондай-ақ былтыр жүзден астам шәкірт халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында топ жарған. Ұстаздар біліктілігін арттыру нәтижесінде білім сапасының көрсеткіші 56 пайызға көтерілді.
Бүгінгі мерекеде педагогикалық шеберлігімен танылған, оқу әдістемесінде жаңашылдығымен көзге түскен бір топ ұстаз марапатталды. Солардың бірі Раушан Бегімбетова Ы. Алтынсарин меделін алды. 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан жан тәрбие ісіне бауыржантану ізденісімен үлес қосқан.
Шымкент қалалық білім басқармасының деректеріне сүйенер болсақ, бүгінде қаламыздағы білім беру жүйесінде 30 мыңға жуық ұстаз бен тәрбиеші еңбек етуде. 982 білім беру ұйымында 415 908 тәрбиеленуші, оқушы мен студент білім алады. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде Шымкент қаласында 26 979 бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығынан аттаған. Демек, қаламыздағы әрбір үшінші адамның білім жүйесіне қатысы бар деген сөз.
Шымкент қаласында заманауи, жайлы мектептер көбейіп, үш ауысымды оқыту тоқтатылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде алғашқы 9 мектеп пайдалануға беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 3 жайлы мектеп ашылады деп жоспарланған.