Ұлы ақын Мұхтар Шаханов – халқымыздың мақтанышы. Данышпан ақынның есімін әлем елдерінің баршасы таниды. Американдық университеттер жыл сайын оның дәрістерін тыңдауды асыға күтеді. Ал жапон студенттері оның өлеңдерін жатқа оқыса, неміс халқы Шахановтың Германияға барған сапарын ерекше мәртебе деп санайды. Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері Мұхтар Шахановпен кездесті. Кездесу шығармашылық, поэзия кеші ретінде өтті. Студенттер ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып, сөзіне жазылған әндерді орындады.
Өмірден көргені мен түйгені мол адаммен сөйлесу рухани ләззат сыйлап қана қоймай, мол тәжірибе жинақтауға көмектесуі мүмкін. Мұхтар Шахановпен кездесу студенттер үшін осындай сәт болды. Жазушы кездесу барысында оқушылармен өзінің өмір тарихы және тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, өзінің бірнеше өлеңін оқыды. Ал оқушылар авторға өлеңдері мен жазушыға арналған арнауын оқыды.
Кездесу барысында ақын ұлттық мүдде үшін күреспеген қазақ зиялыларының құны көк тиын екендігін айтты. Сондай-ақ, өз ана тілін жоғалтып бара жатқан қазақ халқының трагедиясы туралы, олардың рухани мүгедекке айналғанын сөз етті.