«Ұстаз болу – жүректің батырлығы…» деп басталатын ақын Ғафу Қайырбековтің жыр жолдары мейірім мен төзімділікті қажет ететін құрметті мамандықты жанына серік еткен жандардың болмысын ашып тұрғандай. Мұғалім болуды көпшілік армандағанымен, бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты іс.
Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылғы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйтқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылғы 5 қазанда атап өтілді.
Мұғалімдер күні – білім саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтеді.
Қазақстанда Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Алайда 2023 жылы наурызда үкімет кәсіби мерекенің нақты датасын бекітті. Ұстаздар мейрамы әлемнің 100-ден астам елі тойлайтын Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жаны» деп айтқанындай, ұстаздар қауымының бала тәрбиесіндегі, оның уақыттың талабына сай сапалы білім алуындағы орны ерекше. Ел ертеңі – жас ұрпақтың көрнекті тұлға, Адал азамат болып қалыптасуында мұғалімдер маңызды рөл атқарады. Сондықтан мемлекет педагогтерді әрдайым жан-жақты қолдап отырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұстаздар – балаларға білім беріп, ұрпағымызды отаншылдық рухында тәрбиелейтін керемет жандар. Еліміздің лайықты азаматтары – мұғалімдерге әрқашан қолдау көрсетеміз» деген болатын.
Білім берудің сапасын жақсарту – ұлттық модернизация мен әділетті қоғам құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ал, осынау стратегиялық маңызға ие саланың дамуы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне тікелей байланысты. Сол себепті Президентіміздің бастамасымен мұғалімдердің қоғамдағы орны мен мәртебесін арттыруға, олардың білімі мен біліктілігін шыңдай түсуге бағытталған көптеген шаралар қолға алынды. Сонымен қатар педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Ұстаздар күні 5 қазан болып бекітілгенімен, мұғалімге деген құрметіміз әрдайым биік тұратыны анық. Сол себепті ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздарға арналған республикалық, облыстық арнайы атақ пен төсбелгі белгіленіп, лайықты мамандарға табыстау қолға алынған. Жыл сайын республикалық байқауда бағы жанып «Үздік педагог» атанған 100 ұстазға 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, шамамен 3,6 миллион теңге сыйақы беріледі. Сайып келгенде осының бәрі ұстаздардың беделін көтеру мақсатында жасалып жатқан қадамдар.
Мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сапалы білім жылдан жылға қолжетімді бола түсуде. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді. Шымкент қалалық білім басқармасының деректеріне сүйенер болсақ, бүгінде қаламыздағы білім беру жүйесінде 30 мыңға жуық ұстаз бен тәрбиеші еңбек етуде. 982 білім беру ұйымында 415 908 тәрбиеленуші, оқушы мен студент білім алады. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде Шымкент қаласында 26 979 бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығынан аттаған. Демек, қаламыздағы әрбір үшінші адамның білім жүйесіне қатысы бар деген сөз. Қала бюджетінің қомақты бөлігі білім саласына бағытталып отыр.
Шымкент қаласында заманауи, жайлы мектептер көбейіп, үш ауысымды оқыту тоқтатылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде алғашқы 9 мектеп пайдалануға беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 3 жайлы мектеп ашылады деп жоспарланған. Соңғы жылдары оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту, олардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі секілді маңызды мәселелер шешімін тапты. Шымкентте әр оқу жылында 6 мыңнан астам оқушы ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысады.
Сондай-ақ былтыр жүзден астам шәкірт халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында топ жарған.
-Биыл жаңартылған біртұтас тәрбие бағдарламасын оқу процесіне кіріктіріп жатырмыз. Осы бағытта үлкен жұмыс жүреді. Қалада 40 мектеп нысаналы болып белгіленіп, білім сапасын арттыру бойынша жұмыс жүруде — деді Қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Мерекеде педагогикалық шеберлігімен танылған, оқу әдістемесінде жаңашылдығымен көзге түскен бір топ ұстаз марапатталды. Солардың бірі Раушан Бегімбетова Ы. Алтынсарин меделін алды. 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан жан тәрбие ісіне бауыржантану ізденісімен үлес қосқан.
-Ең бірінші баланы жақсы тани білу керек. Ол үшін баланы жан-дүниесімен жақсы көру керек. Оқушының жан дүниесіне үңіле алсақ нағыз ұстаз болғанымыз — деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Бегімбаева.
Бүгінгі таңда мегаполис ұстаздары сапалық құрамы жағымен де мақтана алады. Мұғалімдерді ынталандыру және олардың мәртебесін артыруға байланысты жергілікті билік тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.
— Бүгінде ұстаздар еліміздің жарқын болашағы мен мемлекеттің дамуы жолында тынымсыз еңбек етуде. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мұғалімдердің мәртебесін, олардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қабылдануда — деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімі білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан мұғалімдерге, сондай-ақ саланың ардагерлеріне алғысын білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде 30 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, 500 мыңға жуық оқушы, студент оқиды, жыл сайын заманауи мектептер саны артып келеді.
Кәсіби мерекеге арналған салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Білім беру көрсеткішін арттыру нәтижесінде білім сапасының көрсеткіші 56 пайызға көтерілді. Сондай-ақ былтыр жүзден астам шәкірт халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында топ жарған.
Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Жалпы, қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.
Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.