Қазір елде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бірі құптайды, енді бірі қарсылық танытуда. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдум кезінде шешіледі деп кесіп айтты. Жақында референдумның өтетін күні белгілі болады. Осы мәселеге орай Ассамблея жастарының қатысуымен жария талқылау өтті. Толығырақ әріптесім тарқатсын.
Ксм: Өз сөзінде спикерлер қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясын тұтыну динамикасы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Электр энергиясын тұтынудың белсенді өсуін ескере отырып, елдің қажеттілігін тұрақты қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы АЭС салу мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туындап отыр.
Аталған іс-шараларда жергілікті тұрғындар белсенді түрде экология жөнінде, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, реактор қауіпсіздігі, кадрлар даярлау, сондай-ақ өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Жария талқылаулар сындарлы түрде өтті. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде азаматтық қоғамның сарапшыларымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы өте маңызды.
Жалпы жаһанда энергия тапшылығы мәселесі өзекті. Еліміз энергия көзіне мұқтаж. Сондықтан атом электр энергиясын дамытуға көңіл бөлу қажет. Өз сөзінде президент «Еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын» — деді. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ.