Биыл 750 мың отандасымыз қаражатын ұтымды басқарып, шығынды оңтайландыруды үйренеді. Халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін қарызсыз қоғам жобасы жалғасуда. Мәселен осы жоба аясында ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінде арнайы оқыту курсы өтті. Жалпы 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Бұған қоса, мектеп, колледж ЖОО-на арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба жетекшілері адамдар күнделікті қажетін өтеу үшін несие рәсімдейді дейді. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталында тіркелу және жеке кабинет ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.
Қарызсыз қоғам жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл 49 мың адам білім алды. Бұл үлкен көрсеткіш. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алған. Бұл ретте шоттың бұғатталуынан бастап қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу секілді 20 бағытта көмек жүргізілген. Сондай-ақ қаржы сарапшылары бизнес жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды үйреткен.