Шымкенттегі дәріханаларға цифрлық таңбалаудан өткен дәрілік препараттардың алғашқы партиясы жеткізілді. Осыған орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында отандық тауар өндіруші және дистрибьютор өкілдері қатысқан баспасөз мәжілісі өтті. Енді 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды көтерме саудадағы субъектілер таңбалау мен қадағалау жүйесін еңгізбеген медициналық ұйымдарға, дәріханаларға дәрілік заттар босату тоқтатылады.
Енді аймақтағы қос компания толық жабдықталып, емдеу мекемелері қажетті ақпараттық жүйелермен интеграцияланды. Сала мамандарының айтуынша, міндетті таңбалаудың арқасында тікелей өндірушіден тұтынушыға дейін тексерілген өнімнің жетуі бақылауда болады. Аймақта 26 мемлекеттік және 40 жекеменшік медициналық ұйым бар. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың барлығы 2D сканері мен деректерді жинақтау терминалымен қамтамасыз етілген. Дәрілік заттар айналымының ашықтығы міндетті таңбалауды жүзеге асыруға көмектеседі.
Аймақта дәрілік заттардың көтерме саудасы үшін 38 арнайы қойма ашылған. Тұрғындар үшін 600-ге жуық дәріхана жұмыс істеп тұр. Сондықтан сала мамандары бәсекелестіктің арқасында баға да тұрақты болады деп сенеді.