Ақ халатты абзал жандардың қатары көбеймек. Мегаполисте медицина саласы бойынша жоғарғы білім алған жастарға диплом табысталды. Болашақта еліміздің медицинасын дамытуды көздегендердің ішінде бірі бакалавр дәрежесін алса, енді бірі әрмен қарай интернатура, резидентураны жалғастыруды көздейді. Шараға қатысқан біліктілігімен алыс жақын шет елдерге танымал дәрігерлер жоғарғы оқу орнын бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.
1979 жылы бой көтеріп, болашақ ұрпақтың білікті мамандарын даярлап отырған Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының биылғы бітіруші түлектеріне диплом табысталды. Аталған оқу орны 45 жыл ішінде 21 мыңнан астам медицина-фармацевтика және 5000-нан астам орта буынды медицина қызметкерлерін даярлап үлгерді.
Мегаполистегі медицина академиясының түлегі Дильшода Закирова фармацевтика факультетінде бакалаврда 5 жыл оқып, үздік диплом иесі атанды. Адам дертіне дауа болатын дәрілік препараттарды халыққа ұсынушылардың жұмысына қызығушылық танытқан ол білімін әрі қарай шыңдап, магистратурада біліктілігін арттыруға ниетті. Сондай-ақ, оқу жылдарында аянбай еңбек етіп, жастарды білімге баулыған ұлағатты ұстаздарына алғыс білдірді.
Биыл медицина академиясында 1500-ден астам бітіруші түлек студенттік өмірмен қоштасты. Оның ішінде 34 студент қызыл диплом иегері атанса, 14 студент магистратураны аяқтады. Бұл оқу орнын қазақстандықтар ғана емес, нақтырақ айтсақ Үндістан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінен 219 шетелдік студенттер де түлек атанды. Академия ректоры Мырзабек Рысбеков ЖОО бітірушілеріне сәттілік тіледі. Салтанатты іс-шара соңы республикалық эстрада әншілерінің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.