Шымкентте Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне 40 жыл толды. Әскери мамандарды даярлауға арналған білім ордасы осы уақытқа дейін 3
мыңнан астам түлекті оқытқан. Арнаулы күнге мектеп әкімшілігі ашық алаңда салтанатты іс-шара өткізді. Мерекеде кәдеттер өз өнерлерін ортаға салды. Кештің негізгі бөлімі аяқталғаннан кейін Түркістан сарайында концерттік бағдарлама өтті.
1984 жылы мамыр айында мектептің іргетасы құрылды. Алғашында орыс тілін тереңдетіп оқыту және әскери кәсіпке бағытталған мектеп-интернат болып ашылды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен республикалық әскери мектеп болып өзгертілді. 2003 жылы әскери мектеп-интернатына Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рақымовтың аты берілді. Аталған мектеп ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 26 қыркүйектегі қаулысынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің қарамағына өтті.
Ұжымның басты міндеттерінің бірі — түлектерді ҰБТ сынағына сапалы дайындау және мектеп тәрбиеленушілерін Қорғаныс министрлігі қарамағындағы әскери жоғары оқу орындарына бағыттау. Биыл мектебіміздің 40 жылдық өмірінде 38-інші рет мектеп бітіруші түлектердің жарқын болашағына жолдама берілді. Бітірушілердің басым көпшілігі алыс және жақын шетелдердің әскери ЖОО-на жолдама алған. Олардың көпшілігі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің түрлі әскери салаларында қызмет етеді. Мектеп бітірушілердің 20 жылдық, 25 жылдық, 30 жылдық, 35 жылдық кездесулері өтіп отырады. Мектеп түлектері өзінің тәжірбиелерін қазіргі ізбасар тәрбиеленушілерге беріп келеді.
Осы жылдар аралығында мектепті 3000 нан астам түлектер бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Олар қазіргі кезде Отанымызды қорғау мақсатында елге қызмет етуде. Генералдар тобын Қарулы Күштеріміздің алтын қоры десек, мектебіміздің жеті бірдей түлегі генерал болғаны — өмірін бала тәрбиесіне арнаған тәрбиешілер мен ұстаздардың басты жетістігі, ауыз толтырар мақтанышы!