Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Батыс Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға гуманитарлық жүк көлігін жөнелтті. Халықпен бірге хэштегімен жолға шыққан көлікке көрпе-төсек, жылы киім, резеңке етік, рация мен құтқару жұмыстарына қажетті заттар, сонымен қатар азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар тиелген.
Қаражат жинауды үшінші шаһардың депутаттары бір ауыздан мақұлдап, көрші облыстағы отандастарымызға қол ұшын созуға ниет білдірген. Сондай-ақ, шымкенттік Жастар рухының белсенділері су тасқыны орын алған аймақтарға барып, көмек көрсететін болады.