Ауыл — азаматымен ажарлы. Бәйдібек ауданы, Екпінді елдімекені Қ.Бәйменов атындағы білім ұясы кешегі шәкірт, бүгінгі ел ағасы Дулат Әбішпен кездесу кешін өткізді.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Түркістан облысы және Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистика академиясының академигі Дулат Әбіш алғаш әріп таныған алтын ұясына араға жылдар салып, тұлға ретінде қалыптасып, ұлтқа қызмет етіп жүрген елдің адамы ретінде келді.
Мектеп ұжымының шараны өткізудегі мақсаты — ұрпаққа ізгіліктің бастауы болған тәрбиені беру, үш буын арасындағы сабақтастықты жалғау. Көктемнің алғашқы күніндегі “Алғыс айту” мерекесіне орай ұйымдастырылған жиында Дулат Әбіш мектеп шәкірттермен кездесіп, жылы лебіздерін тыңдады.
Білім кенінің төрінде туған жердің перзенті, облыстың депутаты Дулат Назарбекұлының ауылға жасаған қоғамдық жұмыстарынан көрме қойылған.
Рухани кездесуге бала Дулаттың ұстазы, математика пәнінен сабақ берген, білім беру саласының ардагері Оңласын Әбілдәбекова да келді.
Еркін форматтағы жүздесу емен-жарқын әңгімелесуге мүмкіндік берді. Екі сағатқа жалғасқан пікірлесуде – субъективті ой, шынайылыққа негізделген әзіл-қалжың да болды. Кездесуге Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Ордабасы ауданы мен Арыс қаласының азаматтары қатысты.
Бастысы, кездесуде — мақсатқа, жетістікке жету жолын үйретер ақыл емес, үш буын да өнеге аларлық өмірлік сабақтар айтылды.
Жиһанкез журналиске жиын соңында мектеп ұжымы ат мінгізіп, тарихи-рухани тағылымы мол сапарыңыз көп болсын деп, тілек білдірді.