Мегаполисте ескірген 76 шақырымды құрайтын газ құбырлары қайта жаңартылуда. Инвестициялық бағдарлама аясында іске асып жатқан жұмыс ағымдағы жылы аяқталуы керек болған. Дегенмен, құрылыс жұмыстарының созылуы салдарынан мердігер мекеме жоспарды өзгерту бойынша өтініш беріп отыр. Заң бәріне ортақ. Сондықтан, жауапкершілікті алған мекемеге келісім-шарт негізінде айыппұл салынады.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірде газ тасымалдау және сату қызметін көрсететін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Шымкент өндірістік филиалымен бірге газ құбырларын орнату жұмысын бақылады. 2022 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға 2 млрд 323 мың теңге қаралған. Аталған жоба шеңберінде қалада өнеркәсіптік орындарды, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарды және көп қабатты үйлерді қайта қосу үшін газ құбырларын салу басталған. Шымкент Газ мекемесі келісім-шарт негізінде жобаны жеңіп алып, жұмысты бастаған. Қазіргі таңда жұмыстың басым бөлігі іске асқан. Дегенмен, құрылыс келесі жылға өтпелі.
Жерасты болат газ құбырларынан полиэтиленге көшу арқылы газ құбырларын пайдалану мерзімі 35 жылдан 50 жылға дейін ұлғайса, құбырлардың тозуы 13% дан 11% ға дейін азаяды дейді мамандар. Қазан айында 5 шақырымға газ құбыры орнатылып, қалған бөлігі 2024 жылдың 1 тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. Мамандар сондай-ақ, жерасты және жер үсті газ құбырларын жаңарту есебінен технологиялық ысыраптарды азайту, тозу салдарынан туындайтын газ құбырларында апатты жағдайлардың туындау мүмкіндігін болдырмау секілді оң нәтижелер күтілуде дейді.