Білім саласындағы өзекті 20 тақырып бойынша республикалық тамыз кеңесі өтеді. Екі күнге жалғасатын шара барысында, білім беруді цифрландыру, ақпараттық-коммуникативтік технология, мультимәдениетті орта қалыптастыру, білім беру ұйымдарындағы интернет мәселелері қаралатын болады. Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында өтетін жиын 24-25 тамызға жоспарлануда. Шымкент қаласы білім беру басқармасы басшысының қатысуымен брифинг өтті. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім саласындағы өзекті 20 тақырыптағы бағыт бойынша еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесін өткізу жоспарланған. Осыған орай 2023 жылдың 24-25 тамыз күндері Шымкент қаласында білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында республикалық тамыз кеңесі өтеді. Екі күнге жоспарланған шараға еліміздің өзге өңірлерінен 200-ге жуық білім саласының цифрландыру бағытына жауапты мамандары қатысады. Тамыз кеңесіне дайындықтың сақадай сай екенін айтқан Жанат Тажиева шара барысымен таныстырып өтті. Екі күнге жоспарланған шараның алғашқы күні Қазақстан халықтар Ассамблеясы базасында өтетін секциялық жұмыстар барысында цифрлық білім беру платформалары және электронды ақпараттық жүйелер өздерінің өнімдері мен жұмыс бағыттар туралы көрме қояды. Екінші күні пленарлық сессия Түркістан сарайы мәдениет үйінде Астана қаласына тікелей байланысқа қосылу арқылы өткізіліп, ары қарай жергілікті өңірде жалғасын табады.