Бүгін 22-тамыз ДІНМҰХАМЕД АХМЕТҰЛЫ ҚОНАЕВ өмірден озған күн. Осыдан 30 жыл бұрын қазақ елі үшін қайғылы жағдай орын алып, біртуар, дара тұлғасынан айырылып, халықтың қабырғасы қайысты.
Өмірінің соңына дейін қазақ еліне қызмет етіп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1955-1960), ОК Қазақстан Компартиясының 9-шы бірінші хатшысы (1960-1962), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1962-1964), ОК Қазақстан Компартиясының 11-ші бірінші хатшысы (1964-1986) болып жұмыс жасап, басшылық қызмет атқарды.
Дінмұхамед Қонаев — Кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социолистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы мәртебелерін иеленді.
Бірақ, Ұлы тұлға үшін халықтың ықыласы мен алғысынан артық мәртебе болмаған.
Бүгін Шымкент қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы көше бойында орналасқан ескерткішінің жанында көзін көрген жандар мен қоғам қайраткерлері жиналып, Дінмұхамед Қонаевтың қоғамдағы мәртебесін тағы бір көтеріп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естеліктерін еске алды. Бір сәт қолын алып, дастархандас болған тұлғалар ол кісіден естіген әңгімелері мен көрген оқиғаларын бөлісті.
«Айғақ» ақпараттық порталы