Үшінші мегаполисте биыл құрылыс қарқыны жоғары. Ағымдағы жылы қалада 98 тұрғын үй, 7 білім беру мекемесі, 18 жайлы мектеп сынды 160 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы жылы қала бойынша ең үлкен арена мен 2066 адамға арналған көрермендер залы бар Конгресс холл да пайдалануға берілмек. Шымкент келбеті тағы нендей ғимаратпен толығады?
Шымкент қаласының құрылыс басқармасымен 2023 жылы бюджет есебінен жалпы 141,9 млрд теңгеге 160 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде тұрғын үй, мәдениет, спорт, денсаулық саласына арналған ғимараттар мен білім беру мекемелері бар. Жыл соңына дейін 4090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің 67-сі пайдалануға беріліп, қала тұрғындары баспаналы болмақ. Сондай-ақ, білім беру саласында мектептер қатары көбейеді. Шымкентте 18 жайлы мектеп пен 7 білім беру ұйымдарының құрылысын жүргізу жоспарда.
Қала жұртының спортпен айналысуы үшін 4 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Соның бірі Бозарық мөлтек ауданында салынған ауыр атлетикадан олимпада резервін дайындайтын мектеп. Одан бөлек, қаланың бас жоспарында ең үлкен аренаның құрылысы да бар дейді жауапты басшы.
Үшінші мегаполис атанғалы Шымкенттегі үлкен ғимарат — Түркістан сарайы болған. Түрлі салтанатты шараларды ұйымдастыруға лайықталған Түркістан сарайының жалпы сыйымдылығы — 1364 орынды құрайды. Ал келер жылы қала аумағындағы ең үлкен ғимараттардың бірі ретінде «Конгресс холл» салынып жатыр.
2023 жылдың алғашқы алты айында 10 көпқабатты тұрғын үй, 3 білім, 2 спорт нысандарының құрылысы аяқталып, 70 нысанның жобалау сметалық құжаттамалары әзірленді.