Шымкент қаласындағы «Ана үйі» қоғамдық қорының құрылғанына биыл – 10 жыл. Интернат мекемелерге түсетін жетім балалардың санын азайту, түрлі жағдайда ортадағы баланы аман сақтап қалу турасында еңбек етіп келген орталық бүгін 10 жылдық еңбегін елге көрсетті.
Аталмыш орталықтың мақсаты – өміріндегі қиын жағдайға тап болған жүкті келіншектер мен кішкентай балалары бар әйелдерге көмек көрсету. Жас аналардың мұнда келетін себептері әртүрлі. Мәселен, Қыздар арасындағы жүктілік, отбасылық мәселелер, күйеуінің отбасынан кетуі, жақын туыстарының болмауы. Қайырымдылық мекемесі көмекке зәру аналарға рухани-психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетеді.
Аналар үйі 30 жасқа дейінгі қыздарды қабылдайды. Жүктіліктің соңғы айында бала күтіп жүрген қыздар да аталмыш үйді паналайды екен. Қыз-келіншектер мейірім үйін жағдайға байланысты алты айдан бастап, бір жылға дейін тұра алады. Онда ана мен балаға барлық қажетті жағдай жасалған. Емханалармен де етене жұмыс жасайды. Сондай-ақ өз кәсібін табуға ниетті қыздарға арнайы курстардан өту мүмкіндігі бар.












