Шымкенттің денсаулық саласы жақсы дамуда. Заман талабына сай құрылғылар, стандартқа сай ғимараттар және білікті мамандар. Осы жетістіктерді тізбектер болсақ бүгінде алыс және жақын шетелдерден үшінші мегаполиске келіп ем іздеген жандардың қатары артып келеді. Мәселен, бүгінде трансплантология мен онкология саласындағы жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай.
Жоғарыда айтып өткеніміздей әрбір заман талабына сай орнатылған медициналық құрылғылардың өз миссиясы бар. Дегенмен, бәрінің міндеті бір, яғни ауруды ерте анықтау. Осындай әлемдік стандартқа сай құрылғылар арқылы бүгінде бірқатар дерттің дауасы да табылып отыр. Сондай құрылғылардың бірімен Шымшаһардың жергілікті мамандары қырық жылдан астам уақыттан бері «Арыс МТ» барокамерасының көмегімен күйік шалған ауыр жағдайдағы науқастарды емдеп, ажалдан арашалап жүр.
Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы бұл кешенде қан қысымы көтерілген, қант диабетіне шалдыққан пациенттерге де терапиялық емдеу жүргізіледі. Әуе ұшағына ұқсас жасалған апаратта дәрігерлер бір мезетте терапиялық ем-шаралармен қатар ота да жасайды.
1994 жылы дәл осы барокамерада ауыр жағдайдағы жүкті әйелдерге кесір тіліктері де жасалған. Бұл өз кезегінде ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге сеп болған.
Осыған дейін дәрігерлер кешеннің көмегімен түрлі диагнозға шалдыққан ауыр жағадайдағы мыңдаған науқастың өмірін аман алып қалған.
Жалпы үшінші мегаполисте бірқатар медициналық мекемелердің тозығы жеткен, сондай-ақ, тұрғындар санының артуына байланысты кейбір елді мекендерде медициналық қызметтің жетіспеушілігі де орын алуда. Түйіткілдің түйінін тарқату мақсатында әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа ғимараттар салынып, білікті мамандармен толықытырылуда. Мәселен, өткен аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов “Shymkent” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен №14 емдеу орталығының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуын тексерді. Алдымен Құрсай шағын ауданындағы тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Мұнда қазір бригадалар жер қазу жұмыстарын жүргізуде. Заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн, электроэнцефалограф орнатылады. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылады. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Ал, Ынтымақ-2 шағын ауданында тәулігіне 350 келушіге арналған емхана бой көтеріп келеді. Мұрат Дүйсенбекұлы нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жеті блоктан тұратын ғимаратта отбасылық денсаулық орталығы, стационарлық бөлімше, консультациялық-диагностикалық бөлімше қарастырылған. Соңғы үлгіде жабдықталатын емхана биыл қолданысқа беріледі.
Емдеу орталықтары аталған аумақтардағы емханалардың жүктемесін жеңілдетіп, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтерді қолжетімді етеді. Құрылыс барысын көрген қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың талапқа сай жабдықталуын қадағалап, жұмыстарды сапалы әрі өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.










