Шымкент қаласында жуырда 130 тұрғын қайтарымсыз сертификат арқылы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны — 51, ерекше бала асыраушы отбасылар – 64, толық емес отбасылар саны — 11, бюджеттік ұйым қызметкерлері — 4.
Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда.
Елімізде екі жылдан беру табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынуда. Сертификат ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификаты өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары) отбасының әрбір мүшесіне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балалардан, оның ішінде негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалардан аспайтын еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары, олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын соңғы 6 (алты) ай ішінде еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды қоспағанда) орташа табысы болған жағдайда беріледі.
Аталмыш жеңілдікке Шымкент қаласында азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізеді. Несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.
Тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес қайтарымсыз 1 млн. теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.
Өтініш www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады.










