Қыстың қақаған суығынан соң шұғылалы күндерімен табиғат ананың да бауыры жіпсіп, тіршілік атауы оянады. Күн мен түн теңесіп, айнала көкке оранады. Ұлан-ғайыр даласы бар еліміздің дәл осы кезеңде бір шеті борандатып қар жауса екінші жартысында жаймашуақ күн сәулесін шашады. Наурыз Оңтүстіктен басталатыны ақиқат. Шырайлы Шымкент қаласында Әз-Наурыз тоғыз күн бұрын тойланды. Амал мерекесінен басталған игі шара, қаланың түкпір-түкпірінде өз жалғасын тапты.
ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ
14 наурыз – Көрісу күні мерекесі. Шымкентте мереке «Астана» алаңынан басталды. Онда қыстан шыққан жұртшылық бір-бірімен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырды.

Қаланың айшықты жері Абай саябағында да Шымкент-Цирк, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі мекемелері көрісіп, әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тиді. Жиналған қауымның көңіл-күйі ерекше. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.
– Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны Мақсат Әмірбеков.
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН
«Шежіре күні» ерекше аталып өтті. Шара барысында, ұлттық құндылықтар ұлықталып, дәстүрлер дәріптелді. Шымкент қалалық орыс драма театрының алдынан басталған мерекелік жиында Шымкент цирк ұжымы мен мәдениет мекемелерінің әртістері өнер көрсетті. Салтанатты шараны тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтары Әл-Фарабидан бастап, шығыс шайырлары, Абылайханның дәуірін, Домалақ ана мен Қыз Жібектің образдарын тамашалады. Әр заманның сән-салтанатын көрсеткен Ұлылар көші Арбат алаңымен жүріп өтіп, қала көшелеріне аттанды.
ҚҰСТАРҒА ЖАЙЛЫ ҮЙ СЫЙЛАҒАН ОҚУШЫЛАР
Наурыз мерекесіне орай, Арбатта «Жайлау күні» іс-шарасы өтті. Шара барысында, қала тұрғындары мен қонақтарына оқушылардың қолынан шыққан құс ұялары көрсетіліп, шеберлік сыныптары өткізілді.
Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесінің онкүндгі аясында өткен шара Арбат алаңындағы «Жайлау күні» іс-шарасымен жалғасты. Мерекелік жиын аясында Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты жалпы орта білім беретін мекеме оқушыларының өз қолдарымен жасалған құстар ұясының көрмесі ұйымдастырылды. Басты мақсат — табиғаттың адамзат өміріндегі алатын орнын айшықтап, балалардың қоршаған ортаға, табиғатқа, құстарға деген сүйіспеншілігін оятып, оларға қамқор жасауға машықтандыру болып отыр.
–Көрмеге 1000-нан астам құс ұясы қойылды. Осы науқанға көмек қолын созған білім басқармасына алғысымыз шексіз. Жиналған ұяның 700-ін қаламыздың мектеп оқушылары өз қолдарымен жасады. Мұндай игі шаралар балаларды еңбекке баулып, Табиғат-Ананы аялауға үйретеді, — деді зоологиялық саябақтың қызметкері Назым Пердебайқызы.
Шара барысында, көпшілік назарына тіршіліктегі табиғат пен адам арасындағы байланыстың маңыздылығы түсіндіріліп, барлық жан жануарлар мен құстарға үнемі қамқор қажет екені айтылды. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына қоянның жасалау жолдары мен әдістері туралы шеберлік сыныптары өткізілді.
«Жайлау күні» атауымен өткен шара соңында, келушілерге ән-биден шашу шашылып, түрлі танымдық ойындар ұсынылды.
Бір күннен соң құстарға қамқорлық бастамасын Шымкент қаласының зоологиялық саябағы қолға алып отыр. Мұндай игі шара 1 сәуір — Халықаралық құстар күніне дайындық екен. Дендросаябаққа жиналған ерікті оқушылар құстардың ұяшығын ағаштарға орнатып шықты.
— Акция жыл сайын өткізіледі. Осы арқылы оқушылардың, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеріп, қоршаған ортаға құрмет көрсетіп, табиғатты аялай білуге шақырамыз. Шымкент зоологиялық бағы білім басқармасына құстарға ұя жасау бойынша ұсыныс берген болатын. Нәтижесінде, оқушылардың қолымен жасалған 1000-ға жуық ұяшық жиналды. Оның 500-ге жуығын дендросаябақ пен зоологиялық баққа орнатамыз. Қазір қаладағы өзге саябақтарға да ұсыныс беріп жатырмыз. Қолдау тапса, ерікті жастардың көмегімен құс ұяшықтарын орнатуға дайынбыз, — деді Шымкент зообақтың биолог қызметкері Бағдат Әмзебекұлы.
Шымкенттік оқушылар әр жылы құстарға ұя жасау бастамасына белсенді қатысады. Биылдың өзінде 50 мектептің 1000-нан астам оқушысы өздері жасаған құс ұяларын табыстап, табиғатқа қамқорлығын білдіріпті. Олардың қатарында қаладағы №24 мектептің 9-сынып оқушысы Хангелдин Әлеуиддинов те бар.
—Құстарға ұя жасау акциясына осымен екінші жылы қатысып отырмын. Өз қолыммен жасаған ұяны ағашқа орнатып жатқанда ерекше қуаныш сезімін бастан өткіздім. Бұдан кейін де табиғатқа қамқорлық көрсетуге арналған акцияларда белсенділігімді жалғастырамын, — дейді жас табиғат жанашыры.
ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ
17 наурыз –«Тарихқа тағзым күні». Атаулы күнге орай, Шымкентте ауқымды шара өтті. Мерекелік бағдарлама аясында, келушілерге түрлі ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі, салт-дәстүрге қатысты қойылым ұсынылды. Сондай-ақ, әлеуметтік санаттағы бүлдіршіндерге арнайы сый-сияпаттар үлестіріліп, тарихи мультфильмдер мен көркем фильмдер көрсетілді.
Тарқатып айтқанда қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді дәріптеген мейрамда жұртшылыққа арнап наурызкөже ұсынылды, бауырсақ таратылды. Келушілер ұлттық ойындарымыз арқан тартыс пен тоғызқұмалақтан сайысып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.
– «Тарихқа тағзым» күні – тарихымызды ұмытпай, жастарымызға ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухта тәpбиeлеу, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті арттыру мақсатында тойлануы өте орынды. Ертеңгі күні елге иелік ететін жастарымызды тарихты тануға, салт-дәстүрді, баба тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты етіп өсіру – біздің міндетіміз. «Тарихқа тағзым күнінің» осындай үлкен миссиясы бар, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мадина Кенжеқұлова.
Мадина Кенжеқұлованың айтуынша, іс-шара «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінен бастау алып, Арбат алаңы, Rixos Khadisha қонақ үйінде, «Мұз» сарайы, «Абай» саябағында жалғасын тапты. Мерекеге №2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қорғау орталығының бүлдіршіндері, мектеп оқушылары және студенттер қатысты.
Мерекеге арнайы келген жұртшылыққа ең алдымен наурыз көже ұсынылып, тәтті бауырсақтар таратылды. Мың бұрыла билеген бишілер мен жезтаңдай әншілер қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әуезді ән мен ырғақты би өнерін паш етті. Жұртшылық ұлттық ойындар — арқын тартыс пен тоғызқұмалақтан сайысып, түрлі сахналық қойылымдармен тыныстады. Салтанаттты шараның ашылуына ардагерлер кеңесі бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қатысып, келушілерді наурыз мерекесімен құттықтады.
Көрмеде ұлттық бас киім-тақиядан бастап, тоқыма мен қол өнер бұйымдары, ертоқым, ағаш пен темірден жасалған туындылар, қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан көркем суреттер, білезік пен сақины сынды қоләшекейлер, сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлер оның ішінде тұсау кесер сынды қазақтың ұлттық жәдігерлері ұсынылып, мерекенің мәні мен сәнін келтірді .
«Тарихқа тағзым» күнінің ең басты қонақтары — өмірлік қиын жағдайда жүрген бүлдіршіндерге ашық аспан астында арнайы Led экраннан тарихи мульфильм көрсетіліп, демеушілердің есебінен балаларға мерекелік сыйлықтар табыс етілді.
— Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының көне тарихынан сыр шертіп, кешенге келушілерге, қала қонақтары мен тұрғындарына ата-бабадан қалған құнды тарихымыз бен салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпын тарихи бейне фильмдер арқылы насихаттап, түрлі бағдарламалар арқылы халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау. Осы іс-шараға Skat әуекомпаниясы, «Айжамал» киім салоны және «Айжамал» тәттілері демеушілік жасады,- дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің маманы Әйгерім Саудабаева.
Өз кезегінде, ауқымды шараға келген балалар қала тұрғыдары мен қонақтарын құттықтап, мейрамның көтеріңкі көңіл күй сыйлағанын жеткізді.
- Наурыз мерекесі әрдайым Шымкенттен басталады. Ауа райы да жайлы, халқы да қонақжай. Мен Арыс қаласында туып-өсіп, Шығыс Қазақстан облысында бүгінде тұрамын. Дегенмен, жыл сайын сәулеті артып келе жатқан Шымшаһарға арнайы Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға арнайы келемін. Әрі туған туыспен де өрісіп, бір жадырап қаламын, — дейді Мадина Қойлыбаева.
Наурыз мерексінің онкүндігіне сәйкес түзілген бағдарлама шеңберінде, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үйінің бүлдіршіндеріне ары қарай арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды. Балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін шаһардың бірнеше нүктесінде тарихи танымдық көркем фильмдер мен мультфильмдер көрсетілді.
Осылайша, «Тарихқа тағзым күні»ұлттық дәстүрлер ұлықталып, қала қонақтары мен тұрғындарына, елдің ертеңгі болашағы бүлдіршіндерге тарту жасалып, тағы да рухани құндылықтар насихатталды.










