Дені сау адам-табиғаттың ең қымбат жемісі. Бүгінде елімізде маскүнемдікке салынушылықпен жан-жақты күрес жүргізіліп келеді. Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығына қарасты емханада 5000-ға жуық науқас есепке алынған екен. Осы орайда, аталмыш мекеме ашық есік күнін өткізіп, келушілерге көмек көрсетті.
Бүгінде нашақорлық пен маскүнемдік қоғамдағы ең күрделі мәселенің біріне айналған. Әсіресе, кейбір жастардың уақытша «таңғажайып өмір» сыйлар есалаңдық жағдайдың құлы болып жүрген жайы бар. Шымкент қаласындағы психикалық денсаулық орталығына қарасты емхана бүгін ем алушыларға ашық есік күнін өткізіп, ем-домын жасады. Аталған емхана есебінде 5000-ға жуық азамат бар болса, оның 65 пайызы – ер адамдар. Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19 пайызы – жүрек аурулары, қалғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағып отыр.
Орталықта нашақорлықпен тіркеуде тұратын науқастар да жетерлік. Жыл бойына 200 азамат ем алса, дәл қазіргі уақытта 20 пациентке көмек көрсетілуде. Бұлар осы дерттен қайтсем айығам деп өз ерiктерiмен келiп тiркелгендер, ал тiркеусiз есiрткiнiң арбауына түсiп, есiнен айырылып жүргендердің бұдан да көп болуы мүмкін.
Орталық дәрігерлері науқастарды емдеумен қатар ішкі істер органдарымен, оқу бөлімдерімен, басқа да мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Бүгінде аудандық, қалалық әкімдіктерде нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес жөнінде арнайы комиссия құрылған.









