ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі үшінші мегаполистегі Азаматтық ресурстық орталықта болды.
Азаматтық Альянс пен оның құрамына енетін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысты. Айта кетейік, Азаматтық ресурс орталығы 2021 жылдың қазан айында ашылған болатын. Ондағы мақсат – азаматтық бастамалар мен әлеуметтік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.
Жалпы, Азаматтық Альянс құрамына 57 үкіметтік емес ұйым тіркеліп, осы жерден қызмет алуда. Мысалы, орталықтың мамандары оларға заңгерлік көмек, түрлі кеңестер беріп қоймай, жобалар жазуда қол ұшын созады. Министр Дархан Қуандықұлы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу жағына баса назар аударды.
Ерекше күтімді қажет ететін жандардың осындай орталық қызметіне барынша қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сөз етті.











