Шымкентте медицина мамандарының тәжірибесін арттыру мақсатында, Литвадан дәрігерлер келді. Қаламыздағы перинаталдық орталықта олар акушер, гинеколог пен неонотолог дәрігерлерге оқыту сабақтарын жүргізді. Басты мақсат — жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге дер кезінде шұғыл акушерлік, реанимациялық көмек көрсету сапасын арттырып қана қоймай, ана мен бала өлімін азайтуға септігін тигізу.
Шымкент қаласындағы перзентхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында Каунас қаласынан халықаралық деңгейдегі профессорлар, магистрден тұратын Литва денсаулық ғылымдары университетінің мамандары арнайы келді. Акушер-гинеколог Томас Биржетистің айтуынша, Қазақстанның үшінші мегаполисіне осымен жетінші рет келіп отыр. Бүгінгі шеберлік сағатында 30 маманға босандыру жағдайларян тұрақтандыру бойынша практикалық дағдыларды пысықтап, алғашқы медициналық-санитарлық көмек кезеңінде әртүрлі патологиясы бар жүкті әйелдерді басқару бойынша тәжірибе алмасатын болады.
Ал, Шымкенттің Бас дәрігері Нұрлыбек Асылбековтің мәлімдеуінше дәл осы Акушерлік және неонаталдық көмек көрсету бойынша 5 мың маман оқытудан өткен екен. Бұл оқыту медицина қызметкерлерінің жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге сапалы, уақтылы шұғыл акушерлікті арттыруды қамтамасыз етеді. Айтуынша, миллионды шаһарда ана мен бала өлімі 8,6 пайыздан төмен көрсеткіште.
Мастер-класс барысында акушерлер жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету әдістері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, теориялық біліммен қатар симуляциялық манекендерде тәжірибелік дағдылар да көрсетілді.












