Мұсылман баласының туған-туысқаны мен әулиелердің қабіріне зиярат етіп баруы Ислам дінінде ертеден қалыптасқан ізгі дәстүрлердің бірі.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда осы мәселеге қатысты үлкен дау-дамайлар туындауда. Бірі шариғаттың талаптарына немқұрайлы қараса, бірі әулиелерді аралауды кәсіпке айналдыру иманға селкеу түсіреді дейді. Осы тақырып аясында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі жиын өткізді.
Бүгінгі қоғамда Өмірде тап болған барлық қиындықтардан шығудың жолы әулие аралаудан өтеді деген жалған сенім пайда болған. Бұл мәселелерінің түйінін шешуді Алладан сұраудың орнына, әулиелерден сұрап, бата алу қажет деп өздері шатасқанмен қоймай, өзгелерді де адастырғандар жетерлік. Осы және өзге де жайттарға қатысты шаһардағы ардагерлер кеңесі мен имамдар өз пікірлерін айтты.
Басқосу барысында тек зиярат ету мәселесі ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің өту тәртібі талқыланды. Себебі, дін мен дәстүр – халқымыз үшін егіз ұғымдар.
Алайда, бүгінгі жағдайда жаназа жиындардың өзі тойдан қалыспайтын дәрежеге жетті десек, артық айтқандық емес. Қазаның артын күтумен байланысты рәсімдерді өткізу бәсекеге айналып, тілекке ұқсас сөз айтылатын жиналысқа, аста-төк дастархан жаю жарысына айналуда.
Қатысушылар пікірінше, мәйіттің жамбасы жерге тимей жатып, ас тарату әлі де орын алып жүр. Бұл дінге де, дәстүрге де қайшы әрі қайтыс болған адамның жақын туыстары қайғы құшып жатқанда өте ерсі көрінетіні айқын. Мәжіліске жиналғандар мұсылман қауымына Ислам діні талаптары бойынша қайғылы отбасында қазалы күн ішінде ас беруге тоқтау салуды ұсынады.











