Ауылды өркендетудің басты факторы агроөнеркәсiп кешенiн тұрлаулы әрi серпiндi дамыту және оның экономикасын осы заманғы нарық қағидаттары негiзiнде шапшаң iлгерiлету болып қала бередi. Еліміз егемендігін алған сәттен бастап нарықтық экономикаға көшті. Сол кезеңдегі дағдарысты еңсерудің басты жолы бағаны ырықтандыру еді. Ал екінші атқарылған іс-жекешелендіру болатын. Аталмыш үрдістің оң да теріс те әсері болды. Мәселен, өндіріс ошақтары жекенің меншігіне өтіп жаңа тынысын аша бастаса, ауыл шаруашылығын жекшелендіруде үкімет асығыстық жіберді. Себебі, дағдарыс жағдайында бой көтерген жеке қожалықтар басқа халықты асырамақ түгілі, өз-өзін зорға қамтамасыз етіп отырды. Үкіметтің 1996-1998 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы бұл салаға айтарлықтай өзгеріс алып келмеді. Тек 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан-2030» ел дамуының Стратегиялық бағдарламасын жариялап, Жолдау негізінде әлемдік нарыққа шығу және әлемдік шаруашылық байланысқа белсенді кіру қамтамасыз етілді. Нәтижесінде экономиканың барлық салаларында оның ішінде әсіресе ауыл шаруашылығында жеке меншік сектор басым бола түсті. Мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетілген көмектің нәтижесінде шаруалар өркендеді.
Тәуелсіздік кезеңінде тоғыз бағдарламалық құжат әзірленді, олардың негізінде АӨК саласындағы мемлекеттік саясат іске асырылды:
1991 – 1995 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы, АӨК-ні дамытудың 1993 – 1995 және 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған тұжырымдамалық бағдарламасы, Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың 2000 – 2002 жылдарға арналған бағдарламасы, 2003 – 2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы, Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, АӨК-ні тұрақты дамытудың 2006 – 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы, ҚР АӨК-сін тұрақты дамытудың 2006 – 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар бағдарламасы, АӨК-ні дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарлама және ҚР АӨК-сін дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы.
Ал агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болса Елбасының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарына және «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес әзірленді.
Шымкент қаласында ауылшаруашылық саласы тәуелсіздік жылдары тоқырауға ұшырамай қайта сатылап дамыды. Нәтижесінде, аталмыш саланың барлық индикаторлары соңғы жылдары жоғарғы көрсеткіштерге ие болды. Агро саланың мал, құс, егіншілік, бау, жылыжай түрлерін дамытып бүгінде балық шаруашылығына да ерекше көңіл бөліп отыр. Ал агроиндустриалдық аймақ мегаполистің халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикасын дамытуға да айтарлықтай үлес қосы келеді.
Жуырда қалада “AgriTek Shymkent’2022” ауыл шаруашылығының ІХ халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Бүгін көрме аясында өткен конференцияға қала басшысы М. Дүйсенбекұлы арнайы қатысып, сала көшбасшыларымен пікір алмасты.
Урбанизациясы мен агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан үшінші мегаполис — еліміздегі ауылшаруашылық үшін қолайлы аймақтардың бірі. Мұны ескерген шаһар басшысы егіс егіп, өнім өндіруде алыс-жақын шет елдердің озық технологияларын үйреніп, тәжірибеде іске асыру қажеттігін де қаперге ілді.
Сөз соңында жемісті еңбек етіп, ауыл шаруашылық саласын өркендету жолында тер төгіп жүрген қатысушыларға табыс тіледі.
— Жемісті жылдың жетістігін паш ететін барлық ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруаларға, кәсіпкерлерге зор алғысымды білдіремін. Дихандарымыздың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды,-деді әкім.
Айтып өтейік, көрме қараша айының 9-11 күндері аралығында жалғасады. Қазіргі таңда мұнда ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтары, суару және тыңайтқыш технологиялары, тұқымдар мен көшеттер, құс және мал шаруашылығына арналған жабдықтар мен технологиялар, сондай-ақ ветеринариялық технологиялар қойылған. Жалпы еліміздің және Корея, Ресей, Түркия сынды басқа да 50-ден астам мемлекеттің экспоненттері ұсынылып отыр.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары сіздерді Назарбаев даңғылы 12 “Көрме орталығы” ғимаратында күтеміз.
Қосымша ақпарат алу үшін:
Тел: +7(727) 344 00 63
e-mail: agri@intexpo.kz
www.agrishymkent.kz, www. Intexpo.kz










