Заманауи туризм индустриясы экономикалық қызметтің дербес түрі ретінде де, салааралық кешен ретінде де қарастыруға болатын әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі болып табылады. Туризм қосымша жұмыс орындарын құрудың негізгі факторларының біріне айналып, жол және қонақ үй құрылысының дамуына өз үлесін қосады. Сондай-ақ, көліктің барлық түрлерін шығаруды ынталандырады, аймақтар мен елдердің халықтық қолөнері мен ұлттық мәдениетінің сақталуына ықпал етеді. Осы бағытта өткізген фестивальдар да екі есе туристер тартуға септігін тигізеді. Шымкент қаласының туристік әлеуетін арттыру үшін Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shym Qala» этно ауылында «Этно Шымкент» фестивалі өтті.
Фестиваль аясында алдымен «Ұлы Жібек Жолы» керуені жүріп өтіп, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты. Қаламыздағы белгілі дәмханалар келушілерге ұлттық және шығыс тағамдары дайындалды. Одан өзге, ұлттық киімдер көрсетілімі, ұлттық тағамдардың әзірлену жолы көрсетілді. Қаланың жергілікті қолөнершілері, театр әртістері мен суретшілері де өз жұмыстарын ұсынды. Шара мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұрмыс-салтын көрсету.
Көз тартарлық қолөнер, кәдесый бұйымдары, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ал кешкі уақытта от, барабан және лазерлік шоудың ұмытылмас қойылымы өтті. Сондай-ақ «Тұран» этнофольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
“Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұштастыра көрсететін осындай игі шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымалдылығын арттырып, әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет етті”,- деді басқарма басшысы Е.Қыдыров.
Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттау мақсатында түрлі туристік маршруттар әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған.
Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы шетелдіктер.
Ұйымдастырушылар осындай іс шараларды көптеп ұйымдастырудың арқасында шаһарға келушілердің санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр.










