Білім — бұл адамдарға өз әлеуетін толық ашуға және әлемге жағымды әсер етуге мүмкіндік беретін инвестиция. Тарих бойына білімнің күш екенін үйретті. Білім бізді қоршаған әлемді түсінуге көмектеседі және оны жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан да сапалы білім беру бүгінгі Жаңа Қазақстанымыздың маңызды бағдары. Шымкент қаласында бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу жұмыстары жүйеленген. Бала санының көптігіне қарамай бүгінде жаңа мектептерден бөлек, ескі мектеп жанынан қосымша ғимараттар салынып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және инвесторларды тарту жұмыстары арқылы құрылыстар жүргізілуде.
Жуырда шаһар басшысы М.Әйтенов қаладағы бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.Ең алдымен Мұрат Дүйсенбекұл Шымкент қаласының “Сайрам” ықшам ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа оқу корпусының құрылысы қарқынын көрді. Шаһар басшысы М.Әйтенов нысанның жұмыс сапасын тексеріп, тапсырмалардың орындалу барысын қадағалады.
Құрылысы биыл, наурыз айында басталған жаңа оқу корпусы 600 оқушыға шақталған, қосымша екі блоктан тұрады.
Футбол алаңшасы мен жүгіру жолы қарастырылып, инженерлік жүйемен толықтай қамтылатын болады.
Қазірге дейін құрылыстың 30%-ы атқарылды. Жоспар бойынша жұмыстар келесі жылы 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.
«Нысандардың сапасы маңызды. Бұл нысанда балалар білім алады, оқиды. Балалар үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз”,-деді әкім ғимаратты аралау барысында.
Шым шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтың келесі аялдамасы Қайтпас-1 ықшам ауданындағы №72 орта мектептің қосымша оқу ғимаратының құрлысы болды.
375 орынға лайықталған нысан 3 қабатты 2 блоктан тұрады. Алдағы уақытта 30-ға жуық қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Ғимарат құрылысы жыл соңына дейін 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.
Нысан жұмыстарымен танысып шыққан қала әкімі сала мамандары мен мердігер мекемеге жұмыс сапасына баса мән беріп, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды.
Еңбекші ауданына қарасты Сайрамдағы Ю. Сайрями көш бойындағы №10 колледжінің жаңа оқу корпусы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысанның құрылысы барысын тексеріп, сапаға мән берді.
Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының мерзімнен кешеуілдеуіне байланысты жауапты мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда ескертілген кемшіліктер ретке келтіріліп, жұмыстар жалғасын табуда. Осы күнге дейін құрылыстың 85%-ы атқарылды.
Жаңа ғимаратта 300 орындық оқу корпусы, 200 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған.
Нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес жаңа корпус жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Содан соң, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабында орналасқан №12 спорт мектебінде болып, қосымша корпустың құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысан 2 ауысымда жұмыс атқарады.
1 ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Одан соң мұнда 252 спортшы сыятын түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ.
Кешен ғимараты 3 қабаттан тұрады.
Жертөледе пауерлифтинг оқу-жаттығу залы, ауыр атлетика оқу-жаттығу залы, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі қарастырылған.
Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, күзетші бөлмесі, киім бөлмесі, 18 орынға асхана, 210 орынға көрермендер трибунасы бар әмбебап спортзал, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі, медпункт болады. Ал екінші қабатта холл, демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон спорт түрлерінен оқу-жаттығу залдары қарастырылған.
Жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарлануда.
Сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырған шаһар басшысы, “құрылыс сапасына да баса мән беруіміз керек”,-деді.











