Биыл елімізде зағип жандарға арналған қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 85 жыл. Осындай айтулы күнге орай үшінші мегаполисте салтанатты шара өтті. Мерекелік кеште көру мүмкіндігінен айрылған азаматтар өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.

КСМ: Ауқымды мейрамды еліміздің әр өңіріндегі қоғамдық бірлестік мүшелері белсенді тойлауда. Бұл күннен Шымкенттіктер де қалыс қалған жоқ. Сырлы сахнада әуезді ән шырқалып, бірлестік мүшелері қойылым қойды. Оған 100-ге жуық көрермен қатысып, құрмет-қошеметтерін жеткізді.
Мерейтойға орай шаһарымыза жанарынан айрылған жандар арасында сайыс өткен болатын. Сан алуан саланы қамтыған сайыс мәресіне жетіп, жеңімпаздары бүгінгі шарада марапат алды. Оларға демеушілер тарапынан сый-сияпаттар үлестірілді. Сондай-ақ алқалы жиынға «Өзбекстан зағиптар қоғамы» Навои облыстық филиалының мүшелері де қатысты.









