«Қаражанбасмұнай» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорын) мұнайшылары кір тасын көтеруден Әлем чемпионатында жеңіс туын желбіретті. Үндістанда өткен жарыста 17 мемлекеттен келген 300-ге жуық спортшы арасынан Нартай Алтыбаев пен Айдын Ахметов қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, алтын медальді қанжығасына байлады.
Мұнайшылар байрақты бәсекеге мықты дайындықпен барды. Олар кір тасын әр көтерген сайын жеңіске деген жауапкершілікті ерекше сезіне түскенін жасырмайды. Төзімділік танытып, түрлі әдістерді тиімді қолдану арқасында Нартай Алтыбаев 78 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Ал 85 келі салмақта өнер көрсеткен Айдын Ахметов жылдар бойы жинаған тәжірибесін паш етіп, бәсекелестерінен басым түсті.
«Әлем чемпионаты — ауқымы кең жарыс. Кіл мықтылар арасынан суырылып шығу оңай болмады. Дегенмен, жылдар бойы жаттыққан адал еңбек пен маңдай тер арқасында алтын медаль алғанымызға қуаныштымыз. Бізге сенім артқан Отандастарымызға, үнемі қолдаудан жалықпайтын ҚБМ басшылығы мен әріптестерімізге шексіз алғыс білдіреміз»,- деді қос чемпион.
Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген жігіттер бұған дейін де ел көлеміндегі жарыстарда жеңімпаз атанып, Азия чемпионатында алдына жан салмады. Ал бұл жолы олар өз мықтылығын әлемдік аренада дәлелдеді.
Чемпиондарды шын жүректен құттықтай отырып, жетістіктерінің еселене беруін тілейміз!













