2022 жылдың 18 қазанында Қазақстанда барлық ұлттар мен конфессиялардың өкілдері Қазақстан Республикасы халқының рухани келісім күнін атап өтті.
Еліміз өз жерінде тарихи тату көршілік, достық қарым-қатынаста өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіргенін қазақстандықтар біледі. Ал бұл еліміздің басты мұрасы. Қазақстан Республикасының Президенті өз Жолдауларының бірінде «Біздің басты байлығымыз – береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, бейбітшілік пен келісім» деп дәл осылай айтқан болатын.
Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов діни бірлестік өкілдерімен кездесіп, Рухани келісім күнімен құттықтады.
Қазақстан — зайырлы мемлекет, сол себепті дәстүрлі діни конфессиялардың жұмыс істеуіне ешқандай шектеу жоқтығын тілге тиек еткен шаһар басшысы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты — бейбітшілік пен келісімді нығайту екенін атап өтті.
“Конституция барлық азаматтарға, оларды наным сенімдері бойынша тең құқық берді. Биыл қыркүйек айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі» өтті. Сонымен қатар, Рим Папасы Францисктің елімізге жасаған тарихи сапарын атап өткен жөн. Мемлекеттік саясат біздің діни бірлестіктеріміздің бейбітшілігі мен рухани келісімі негізінде дами түседі”,-деді М.Әйтенов.
Айтып өтейік, қала аумағында 12 конфессияны білдіретін 121 діни бірлестік тіркелген, 9 миссионер бар.
Ал, еліміз бойынша Біз көптеген ондаған жылдар бойы қазақстандықтардың біртұтас тату отбасы ретінде өмір сүріп келеміз. egov.kz платформасында жарияланған 2021 жылғы халық санағының қорытындысына сәйкес, елімізді мекендейтін негізгі халықтар – қазақтар – 70,4%, орыстар – 15,5%, өзбектер – 3,2%, украиндар – 2,0%, ұйғырлар – 1,5%, Немістер – 1,2%, татарлар – 1,1%, ұлтын көрсетпеген басқа этностар – 5,1%.
Кездесуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының бірінші орынбасары Ақтамберді Мұсабек, «Свято-Никольский кафедральный собор приходы» жергілікті діни бірлестігінің протоиерейі Могилевский Александр Валерьевич, «Шымкент Евангелдік христиандық «Сун Бок Ым» шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің пасторы Тен Михаил Валерьевич, «Сәби Исаның — Әулие Терезасы атындағы Рим-католик приходы» діни бірлестігі жетекшісінің орынбасары Риварола Хернан Рикардо және т.б. дін өкілдері қатысып, діндегі ахуал, тұрақтылық туралы сөз етті.
Жиын соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мерекеге орай, конфессия басшыларына алғыс хаттар табыстады.










