Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында сөйлеген сөзінен:
-«Білім алу үшін дұрыс жағдай жасау – мемлекеттің аса маңызды міндеті.
Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс.
Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс»
— «Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі қажет. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан аталған жұмыстың орындалуына әкімдерді тікелей жауапты етіп бекіту жөніндегі Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуге тиіс. Қалғандары жыл соңына дейін»
-«Олар бюрократияны азайту, нақты мәселелердің шешілуін созбалаңға салу проблемасын реттеуі керек.
Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдауға болады деп есептеймін. Бұл бүкіл процесті бір жерде жоспарлауға, салуға және басқаруға мүмкіндік береді. Мектептер бойынша талап ерекше болады»
— «Ғимараттар мен сыныптар ғана емес, сондай-ақ мұғалімдерді даярлау жүйесі және оқу бағдарламалары ең жоғары стандарттарға сәйкес келуі тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе. Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық.
Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын. Жалпы, барлық оқыту үдерісін барынша цифрландыру қажет»
-«Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасының әлеуметтік мәні зор. Біз ауыл тұрғындарының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету туралы айтып отырмыз. Бұл – мемлекет ретінде біздің міндетіміз. Алайда бұл атқарылатын барлық жұмыстың ең аз бөлігі.
Сондықтан жобаның екінші компоненті – ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды»
-«Алтын сағат» қағидасын бекер ұстанбайды – науқасты жабдықталған ауруханаға неғұрлым тез жеткізсе, оның өмірін сақтап қалуға соғырлым мүмкіндік мол.
Бұл бастама қанайналым жүйесінің ауруы салдарынан адам шығынын азайтуға айрықша тиімді әсер етеді деп үміттенеміз. Еліміздегі азаматтардың 35 пайызы осы аурудан көз жұмады.
Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Тіпті, жастарымыз да қайтыс болып жатыр. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді ауруханалар желісі – бұл ұлт саулығына қосылған зор үлес әрі тиімді шешім»
«Барлық міндеттер тез, әуре-сарсаңсыз, жауапкершілікті бір-біріне сілтейтін ведомстволар арасындағы «алашапқынсыз» шешілуге тиіс. Бастысы – нақты белгіленген нәтижелерге қол жеткізу.
Ол үшін жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын мониторинг жүйесі қажет»
-«Аталмыш жобаларды мақұлдауды ұсынамын, сонымен қатар Үкіметке:
— биыл қараша айына дейін Үкімет қаулысымен аталған ұлттық жобаларды және қажетті нормативтік актілерді бекітуді;
— жыл соңына дейін осындай жаңа форматта әзірленетін қосымша ұлттық жобалардың тізбесін анықтауды тапсырамын»
БОРТ №1 телеграм каналы










