«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп қаулы қабылдаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде. Бұл жолғы әкім қабылдауына 200-ден астам қала тұрғыны келді. Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер тұрғын үй, жер телімін заңдастыру, жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек және тағы басқалар.
Мәселелерге заң шеңберінде, тиісті сала мамандарының талқылауымен, жан-жақты шешім жолдары қаралды. Хаттамаға енгізілгендердің кейбірі шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде.
Тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру секілді мәселелердің тек заң аясында және кезегімен шешілетіні тұрғындарға тағы да түсіндіріліп өтті.
Қабылдауға келген 200-ден астам тұрғынның 130-на жуығын қабылдаған шаһар басшысы, осындай жүзбе-жүз кездесулер ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өкілетті орган жұмыстарын халық көзімен бағалауға мүмкіндік беруде екенін атап өтті.