Шымкентте өткен ғасырда қабырғасы қаланған ескі мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Соның бірі – А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы. Құрылыс жұмыстарын көруге арнайы барған шаһар басшысы жауапты тұлғаларға тапсырылған істің сапалы орындалуын талап етті.
Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының ішкі бөлмелері сыланып, есік, терезе, электр жүйелері жаңартылуда. Алғашқы әскери дайындық, робототехника, биология, химия, физика кабинеттері де заман талабына сай жабдықталған. Цифрлық талаптарға сай қосымша су жаңа 500-ноутбук, 150 компьютер, 100 планшет сатып алынды.
Ғимаратты аралау барысында жұмыстың жүйелі, жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқандығы белгілі болды. «Құрылысты мерзімінде тапсыруға асығамыз деп, сапаны естен шығармайық»-деген қала әкімі Мұрат Әйтенов тиісті сала басшыларына құрылыс қарқынын жіті бақылауды тапсырды.
Мұнда күрделі жөндеу жұмыстарының 65%-ы біткен. Ендігі кезекте «отмостка» құю, сыртқы қоршауды салу, көгалдандыру сынды шаруалар атқарылуы тиіс.
Жөндеуден өтіп, қайта жаңғырып жатқан білім ошағының ішінде Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі де бар. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектепті шаһар басшысы М.Әйтенов арнайы барып тексерді.
2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды.
Ғимарат құрылысын тексеру барысында бірнеше кемшіліктер де байқалды. Мұрат Дүйсенбекұлы ол мәселеге ескерту жасап, -тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз,-деді. Аталған кем-кетік жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.
Әзірге жұмыстың 85% орындалған. Күрделі жөндеу қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.










